by Zhansaya Kairylgazy
Copyright © 2019
Міне осы тіркес келместің кемесіне мінген атамның өмір жолын жазғанда ойға оралады. Солай болары да орынды. Мынау жарық дүниедегі маңдайына жазылған өлшеулі ғұмырда сөзі мен ісі үйлесім тапқан ардақты азаматтың бірі еді. Қамшының сабындай қысқа, бескүндік жалған өмірмен қош айтысқалы да бір жыл өте шығыпты. Атама деген балалық сағынышымды, сырым мен ешкімге айтылмаған әңгімемді қағаз бетіне түсіруді жөн санадым.
Ойлаған адамға, тіпті, өмірдің өлшеуішіне салып қарағанда, бір жыл – азғантай ғана мерзім. Алайда, осы уақыт мен үшін ғана емес, барлық ұрпақтары үшін де жылдарға пара-пар болды. Өйткені, әкесіз өткен осы уақыт жүректі желтоқсанның ызғарындай қарыды, қаңтардың аязындай қатайтты.
Атам ұзын бойлы, аққұба, ауылдың сыйлы да құрметті ауыл ақсақалдарының төрағасы. Біреуге иненің жасуындай жаманшылық ойлауды білмейтін жан еді. 1942 жылы Үржар ауданы, Тасарық ауылында дүниеге келген. Өмірдің ащы-тұщысын қатар көр¬ген атам Солтанбекұлы Қайрылғазы балалық шағы ауыр кезеңге дөп келген. “Бала жеті жасқа келгенге дейін жерден таяқ жейді” дейді халық да¬на¬лығы. Осы жасында асыл әке¬сінен айырылып, қос анасымен қа¬лып¬ты. Өзінің елгезектігімен өз ортасының алды болған. Сонау қиын тұста 3 сыныптық оқу бітіріп, 15 жасында бір жылдық курс тәмамдаған. 1958-1964 жыл аралығында Зернасовхоз-ында комбайнер-траторист болып талмай жұмыс істеген. Өзінің еңбекқорлығымен көзге түскен 20 жасар жас жігітті арнайы хатпен 1964 жылы “Овцевод” совхозына слесарь қызметіне тағайындаған. Қопа ауылында жұмыс жасап, отбасымен орналасқан. 1969 жылы автопаркке жүргізуші қызметін атқарған. 1970 жылы өзінің өмірлік жары апам Аслимамен отау құрған, 6 бала тәрбиелеген.
Мен ес білгелі ауылда атам мен апамның тәрбиесінде өстім. Ауыл шіркін керемет қой… Көрші-колаң бір-бірімен шүйіркелесіп отырып шәй ішетін, дәл бір отбасындай тату-тәтті. Үйден кісі үзілмейтін дүкенге, мешітке, мектепке біздің үй арқылы өтетін ауыл тұрғындарына атам: – Жұмысың біткен соң біздің үйге келіп тізеңді бүк, шәй іш,- дейтін. Көшемен әрі өткен бері өткен адамдарды шәйға шақыратын. Шәй үстінде айтылатын әңгімелер, газет- журналдағы мақалалар, үлкендердің өнегелі сөздері менің жадымда әрқашан сақталады.
Атамның бүкіл бітім-болмысын көрсететін дара мінездерін, естеліктерін ой елегінен өткізе отырып, оның адамдық қасиетінің алдында басым жерге тигенше иілгім келетінін де сондықтан. Осындайда “Бұл менің атам” деп әлемге дауыстап айқайлағың келеді. Табиғаттың әрбір бөлшегіне, мейлі тауға, тасқа, өзенге атамның асыл қасиеттерін айтқым келеді.
Атамның жылы мейірімімен қараған мөлдір көзі ерекше тазалыққа тұнып тұрған, маңдайы ашық, жүрегі кең жан еді. «Жансабай, Жанса..» деп еркелетуші еді бала кезімде. Атамның ауызынан шыққан әр сөз даналыққа тұнып тұр ғой шіркін «Жақсы адам – магнит. Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып ала алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі. Өзің жақсы болсаң – айналаңда досың көп; жаман болсаң–жалғыз жүресің; Досты сырттан іздеме, жақыннан ізде, өзіңнің ішіңнен, ішкі дүниеңнен ізде. Жаның жақсы, жүрегің жылы, ақылың парасатты болса – іздеген досың алыстан үйіріліп, өзі келеді»- дейтін.
Жапырағын жайған бәйтерек секілді айналасына нұрын шашып жүретұғын атамды еске алғанда бар болмысыммен, жүрегіммен сағым әлеміне еніп кеткендей боламын. Қайран, қайта айналып келмейтін тамаша еркелікке қанған балалық күндерім…
Published: Mar 10, 2019
Latest Revision: Mar 10, 2019
Ourboox Unique Identifier: OB-589122
Copyright © 2019