by Abil-Serik Abilrfsymuly Aliakbar
Artwork: проза туралы сөз
Copyright © 2018
ҰЛТТЫҚ ФЭНТЭЗИ НЕГЕ ДИАНА ОЛЕЙНИКОВАНЫҢ ҚАНЖЫҒАСЫНА БАЙЛАНДЫ?
Ұлттың өнер кеңістігінде орын алтын әлемдік деңгейдегі оқиғаларды орыс тілді қазақстандықтар өздеріне телуге бейім. Соның жарқын үлгісі «Первый роман-фэнтези молодой казахстанской писательницы Дианы Олейниковой “Тайны трех миров”» деген интернет хабарламасының ар жағында қандай ой жатыр.
Сонда қазақ мәдениеті мен өнерінде (әдебиетімізде) бұрын соңды осы жанрдың жалына жабысқандар болмаған ба деген заңды сұрақ көңілді тырмалайды. Қазақ фэнтезиінің марксистік идеядағы «Миллионерден» бастау алатындығын әдебиеттанушыларымыз білмейді емес біледі. Бірақ оны ең алғаш Ғабиден Мұстафин жазғандығын орыс тілді қауымға түсіндіріп көр, мықты болсаң.
1 сурет
Ал ертегі фэнтези романдарды жазған ШҚО Бородулиха ауданының тұрғыны, ҚР оқу ісінің үздігі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, марқұм Таупық Рымжанов екендігі осы жолдардың авторының «Ертегі әлемінің абызы» монографиясы арқылы санаулы оқырман қауымға белгілі. Автордың «Гүл ағашы», «Күн перзенттері» атты роман-фэнтезилері тұрғанда әдебиеттегі қадамын енді ғана бастаған Диана Олейниковаға мәселенің байыбына бармай ұлттық дегейде әдеби біріншілікті беріп қойып қарап отырғанымыз еш болмайды.
Қазақ әдебиетінің абызы Кенжебай Бейсенбаев кезінде Мылтықбай Қараевтың монографиясына жазған алғысөзінде «әуелі әдебиеттің практикалық жағы өмірге келіп, кейін теориялық жағы туындайды» деген болатын.
Фэнтези жанрын осындай баланың ойыншығына айналдырып, өзге ұлттың қанжығасына байлап беру әдебиеттің маңында жүргендіктен осы мақаланы жазуға итермеледі.
СОНЫМЕН
Қазақ әдебиетінде «Абай жолы» кітабына екінің бірінің тісі батпайды. Осы әлемдік деңгейдегі эпопеяны оқу үшін шалқар білім керектігі және бар. Ал бұқаралық әдебиет үстемдікке ие дәуірде, оның оқырман алдына қойып отырған талабынан авторлық ертегілер де тыс қалмайды.
Бір қаламгер осы жанрдың байыбына бармай оны фольклормен жосықсыз байланыстырып, құлдырауға ұшыратса, екінші бір қалмагер өзіндік сара жол тауып, фольклор мен әдебиеттің арасындағы көрінбес межені еркін аңғарып, оның гүлденуіне үлес қосады.
Жанрлық түрленген ертегі жанры қазірде іштей ересектерге арналған, балаларға арналған, өткеннен кіндік үзбеген ертегілер шоғыры, әрі, үлкенді, әрі баланы өзіне тәнті ететін әмбебап ертегі* т.т. тарамдала түседі. Марқұм Таупық Рымжанов – қазақ әдебиетіндегі осы әмбебап ертегі мен роман-фэнтезиді жетік меңгерген ертекші болған еді.
Қай елдің әдеби ертегісі, қай қаламгердің қаламынан шықпасын өз дәуірінің үні мен авторының еркіне орай халық ертегісінің формасынан мүлдем ерекшелініп тұрады. Енді әдеби ертегінің оған өте жуық жанр болып табылатын фантастикамын бірлікте алып қарастырып көрейік.
Қазақ әдебиетінде кезінде керегесі кең жанрлардың бірі болып саналған ғылыми-фантастика жанрында алғаш Машанидың «Жер астына саяхат» шығармасы жазылса, соның артынша-ақ Медеу Сәрсекенің «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі», Талап Сұлтанбековтің «Көшпелі алтын», «Лұқпан Хакім», Шоқан Әлімбаевтың «Данышпандық альфасі», Төлеш Сүлейменовтің «Әл-Фараби көпірі», «Жұлдыз адамы», Т. Шахановтың «Көгілдір мұнаралар», Ә. Мархабаевтың «Ғарыштағы қымыз», Төлен Әбдіковтің «Айтылмаған ақиқат», Н.Кенжеғұлованың «Қиын шешім», М.Гумеровтің «Жұмбақ сәуле», С.Ғаббасовтың «Кәусар», Р.Бектібаевтың «Ионосферадағы алаң» атты повестері мен романдары жазылған болатын. Кейінгі жылдары, әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тұрмыстың жалаңаш шындығымен бетпе-бет келу бұл жанрдың қиялына тұсау болғаны ақиқат шындық екендігі дау тудырмайды.
2 сурет
Екі жанрда бір тамыр-тектен тарағандығы туралы мына бір пікірге: «әдеби ертегі мен оның қарын бөлесі болып табылатын ғылыми фантастика фольклорлық ертегі поэтикасына жуықтастығына қарамай бәрібір әдеби жанрлар болып табылады.
Олардағы фольклорлық ертегі поэтикасының элементтері жанрлық нышанды айқындап, бір сөзбен айтқанда жанр «тінін» («ядро») түзеді» деген Е.Н. Нееловтің пікіріне бізде қосыламыз. Фантастикалықты логикалық тұрғыдан түсіндіруде қиял-ғажайып ертегіде кездеспейтін ертегілік шындыққа замана адамының «шәк келтіруі» басты орында тұрады.
Өйткені, «ертегі дүниенің қалыбын бейнелеу мен түсіндіруге және де оны қаһарманның іс-әрекеті нәтижесінде өзгертуге бағытталмаған, қайта қаһарманның көңіл-күй ауанын танытып, осы көңіл-күй ауанының басына түскен қайғыны, бақытсыздықты, алдын кес-кестеген кедергіні табысты еңсеру нәтижесінде өзгеріске түскендігін сипаттауға арналған» [Мелетинский Е.М. Герой волшебной сказки. Происхождение образа].
Әдеби ертегінің басты ерекшелігі ғылыми фантастика сияқты жарқын болашақты ғылыми негізде топшалап, ғылым мен техника дамуына болжамдар жасап, өз пікірін тықпаламайды. Жалпы айтқанда, әдеби ертегінің адамзат қоғамындағы әлеуметтік және ғылыми теориялардың дамуымен еш байланысы жоқ. Ойымызды осы жерден кілт үзіп, көп бұлтақтамай негізгі айтпағымызға көшейік.
ХХ ғасырдың екінші жартысында тағы бір фантастикалық жанр – фэнтези әдебиет әлемінің есігін ашты. Аталған жанрдың біріншіден, әдеби ертегіге қарағанда пайда болуы да сан қилы, фэнтези кейде шындық өмірден қашып, миф пен аңыздарды қайыра ой елегінен өткізуге бағыт ұстанса, әдеби ертегі белгілі бір ұлт үшін сын сағаттар болған сәтті оны ертегілік образдар мен мотивтер арқылы таныта біледі; екіншіден, фэнтези жанрындағы туынды басқа жанрлардың мәтіндік бөлігі бола алмауымен әдеби ертегіден ерекшеленеді.
Енді осы фэнтези жанры турасында, оның қазір біржақты балалар жазушысы деп жүрген Т.Рымжанов шығармашылығына қатыстылығы жайында өз ойымызды білдіре кетейік. Біздің ғылыми топшылауларымыз кейбір зерттеушілер тарапынан қарсылыққа ұшырау мүмкіндігін жоққа шығармай ойымызды дәлелдеуге көшейік.
3 сурет
Осы орайда, Т.Рымжанов ертегілерінің фэнтезиге қатысты тұстарын біршама сөз еткізіміз келеді. Мысалға, «Зәйтүнқарлығаштың ерлігін» басы бүтін әдеби ертегіге жатқызатын болсақ, автордың қалған үш әдеби туындысы («Гүл Ағашы», «Күн перзенттері», «Ерден батыр») жайында бұлай дей алмаймыз. Аталған шығырмалар бойында әдеби ертегіге қарағанда фэнтезилік нышан-белгілер молынан ұшырасады.
Фэнтези (ағыл. fantasy – «фантазия») – мифологиялық және ертегілік мотивтерді пайдалануға негізделген фантастикалық әдебиет түрі. Заманалық әдебиет түрі ретінде XX ғасырда өмірге келді. Қазіргі деңгейіне жетуі үшін Джон Рональд Руэл Толкин ересен еңбек сіңірді. Оны кейбірде фэнтезидің әкесі деп те атайды.
Фэнтези туындылары көбіне тарихи-шытырман оқиғалы туындыны еске түсіріп, ондағы іс-әрекет белгілі бір ұлттың бағзы баба дәуіріндегі, орта ғасырлардағы тыныс-тіршілігін танытатын ойдан шығарылған әлемде өтіп, бас кейіпкер құдай ерекше қылып жаратқан құбылыстар және мақұлықтармен аяусыз күреске түседі. Кейбірде фэнтези архетиптік сюжеттер негізіне құрылады. Осы қырынан алғанда Т.Рымжановтың кейбір ертегі-хикаяттары фэнтези жанрына жататындығын аңдаймыз.
Ғылыми фантастикаға қарағанда фэнтези іс-әрекет орын алып отырған әлемді ғылыми тұрғыдан түсіндіруге тырыспайды. Батыс фэнтезиінде оқиға өтетін жер не параллельді әлемде, не басқа ғаламшарда орын алады. Ондай әлемде құдайлар, құшынаштар, мифтік мақұлықтар (айдаһар, гном, тролли) немесе басқа да фантастикалық мақұлықтар шынайы өмір сүреді. Олардың әдеби ертегіден өзгешелігі суреттелетін әлемнің дағдылы қалыбы реалды деп танылып, ол табиғаттың бұлжымас заңдылығы деп қабылданады.
ЕНДІ БІЗ ФЭНТЕЗИ ЖАНРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІНЕ ТОҚТАЛА КЕТЕЙІК
Сонымен фэнтези жанрының қазіргі ТМД әдебиетіндегі өзіндік ерекшелігі қандай? Міне осы сұраққа қолда бар материалдар негізінде жауап іздеп көрелік.
Фантастика өнердегі әдіс-тәсіл ретінде есте жоқ ескі заманнан белгілі. Ол белгілі бір дәрежеде кез келген өнер түріне тән болып келеді. Әлем әдебиеті, оның ішінде қазақ әдебиеті алғашқы қауымдық мифтен қиял-ғажайып ертегіге, ертегі мен аңыздардан орта ғасырлық әдебиетке, одан кейінгі дәуір әдебиетіне дейінгі ұзақ жолды бастан кешті. Ақыр соңында ғылыми фантастика мен фэнтезидің күні туды.
Қос жанр бірде қабаттаса дамып, бірде бір-бірімен астаса өркендеді. Бұл жанрлар руханияты дамыған барша елдердің әдебиетінде атаулары мен анықтамалары пайда болғанға дейін өмір сүріп келген еді. Өнертану мен әдебиеттану ғылымында олардың ара-жігін ашудың өзі оңайға түскен жоқ. Ғылыми фантастика турасында бәрі оңайлау болса да, фэнтези турасында олай дей алмаймыз. Ғылымда осы жанр турасында бір ізге түскен түсіндіру әлі өмірге келе қойған жоқ [Беренкова В.М. Жанр фэнтези как объект лингвистического исследования // Вестник Адыгейского государственного университета. Серия 2: Филология и искусствоведение. – 2009. – № 4. С. 91].
4 сурет
Фэнтезиге бет бұру қазіргі қазақ әдебиетінде енді-енді кең тарала бастаған құбылыс. Тіпті, реалист жазушы деп саналатын М.Мағауинның өзі – «Қыпшақ аруы» хикаятында осы жанрдың кейбір қағидаттарын басшылыққа алып, постмодернистік туынды жазып отыр.
Кеңестік кезеңде қазақ соцреализмінің идеологиялық жүйесі күйреуге ұшырай бастаған кезде ұлттық фэнтезидің алғашқы нышаны М.Дүйсеновтің, Б.Соқпақбаевтың, Р.Тоқтаровтың, Т.Рымжановтың т.б. белгілі қаламгерлер-дің туындыларында ұшыраса бастады.
Ғылыми фантастика кеңестік режимге қызмет етсе, фэнтези бұған көнбеді. Өйткені, ол сана мен қисынға емес, сезім мен арманға арқа сүйегендіктен бейсанасыз болып келіп, ешбір идеологияның ырқына көнбейді. Сондықтан бұндай жанрға ескіні көздеушілік деген таңба басылып, аяқ басқан қаламгерлер билеуші топтың кәріне де ілікті.
Постмодернизм элменттерінің төл әдебиетімізге сыналап енуі бұл жанрдың бағын ашты. Оның мысалы ретінде Т.Рымжанов пен Р.Тоқтаровтардың туындыларын айта аламыз. Оған дейін қазақ фэнтезиі балалар әдебиетінің маскасын киіп, ғылыми фантастиканың шекпеніне оранып жүрді. Тәукеңнің шығармасы жас балаларға емес, ақыл тоқтатын жасқа жеткен жасөспірімдерге арналған, сондықтан қаламгерді балалар жазушысы деген кезде ертегі-әңгімелері мен ертегі-хикаяттары арасындағы жас ерекшелігін ескеруге тиіспіз.
Жазушының батыс пен орыс фэнтезишілерінен өзгешелігі барша ұлтқа ортақ болып табылатын коммерциялық шаблондарды қолданбайды, қайта өз қазағы ғана ұғынатын ұлттық нақыштар төңірегінде ой толғайды. Таза фэнтезилік үрдістің соңында біржола кетпей, қайта оны қазақ постмодернизміндегі дәстүрлі элемент ретінде талғап, таңдап қолданады.
Фэнтези жанры өзіне қаламгерлерді несімен қызықтырады? Бұның себебі авторлық фантазияға кең құлашты жол ашылады да, адамның ақылы жетпейтін элементтер әңгімелеу өзегіне айналады. Бірақ біз осыны теориялық жақтан айтқанымызбен, қазақ және әлем авторлары үшін оның өз шегі мен ережесінің бар екендігін естен шығармайық.
Бұл турасында тереңдеп сөз қозғауымыз үшін, ең әуелі фэнтезидің мәні мен анықтамасының басын ашып алуымыз керек. Қазіргі ТМД өнертануы мен әдебиеттануында ғылыми ортаға көптеген ой түйіндеулер ұсынылып отырса да, біз тек соның екеуін ғана келтіре кетуді жөн көрдік. Оның біріншісі – «Разновидность художественной литературы, определяемая комплексом (иногда минимальным) тех или иных признаков (элементов или качеств) содержания и формы» («Литературоведческий энциклопедический словарь»).
Екіншісі – «Исторически складывающийся тип литературного произведения… в теоретическом понятии о жанре обобщены черты, свойственные более или менее обширной группе произведений какой-либо эпохи, данной нации или мировой литературы вообще»(«Современный словарь-справочник по литературе»).
Көріп отырғандарыңыздай біз аудармай берген орыс тіліндегі екі анықтама бір-бірін теріске шығарып тұрған жоқ, қайта бір-бірін толықтырып тұр.
Әдебиеттану тарихында осы жанрға көптеген әдебиет теоретиктері жанрлық нышан-белгілерін толайым қамтитын әмбебап классификация жасауға тырысты. Күні бүгінге дейін олардың да, әлем әдебиеті мен әртүрлі әдеби бағыттардың да ұсынған түрлі жанрлық қағидаттары бірауыздылыққа бастап әкелмей отыр.
5 сурет
Бұлардың басын ашу үшін қазіргі ТМД әдебиетінде жанрлық қағидаттарға нені жатқызып жүргенін анықтап алайық. М.С. Каган классификациясы бо-йынша жанрлық қағидаттарға:
1)танымдық аспект (тақырыптық),
2) көлем (новелла, әңгіме, роман),
3) шығармашылықтың бағалау қыры (ода, элегия, комедия, трагедия),
4) фантазияның бой көрсету деңгейі,
5) образдылықтың тікелей және жанама мәні жатса;
М. Я. Поляков бойынша:
1)эстетикалық “жүйе” (трагедиялық, комикалық және т.с.с.),
2)композициялық жүйе,
3) тақырыптық жүйе (болмысты қамтуы),
4) стилистикалық жүйе делінеді.
Бұдан көріп отырғанымыздай, әр дәуір әлем әдебиетіне өз лебі мен өз қолтаңбасын қалдырып отырады.
Біз Т.Рымжанов шығармашылығы бойынша фэнтезиге ғана тән басқа жанрларда ұшыраспайтын нышан-белгілер турасында сөз қозғауға тырысып көрелік. Осы арқылы біз қазақ фэнтезиінің өзіндік ерекшелігін аңдай алатын боламыз.
Сонымен, фэнтези жанрлық нышан-белгілері:
1) біздің шындық болмысымызда болуы мүмкін емес қасиетке ие бұл дүниеде жоқ әлем.
Оған Т.Рымжановтағы «Шайтандардың жерасты жұмағы», жер астындағы жылан патшалығы, жер астындағы диюлар патшалығын т.с.с. қосамыз.
2)магия мен фольклорлық персонаждардың қажетті элемент ретінде қолданыс табуы;
3) авантюрлық сюжет (әдетте – іздеу, саяхаттау, соғыс т.с.с.).
4) технология мен сиқыршылық арасындағы жасырын қарсылық;
5)бірінші орынға қаһарманның іс-әрекеті мен көңіл-күйі қойылып, қиял-ғажайыптық пен ертегілік көмекшілік рөл ойнайды;
6) жақсылық пен жамандықтың арасындағы күрес негізгі сюжет түзуші тін болғанымен, ертегідей тек қана жақсылыққа ғана басымдық бермей, таразының басын тең ұстайды. Ертегіде бәрі бақыттылықпен бітсе, фэнтезиде қайғы мен қуаныш аралас аяқталады. Мысалға, Естемір мен Ақгүлдің өлімі, Ла дию мен Сағымқыздың қосыла алмай арманда кетуін мысалға келтірсек жетіп жатыр.
7) өзге әлемнің болуы мен оның көрініс табуы. Мысалға Қарабектің Жұмақта болуы;
8) автордың толық еркіндігі: Т.Рымжанов шығармашылығында фэнтезидің ұшырасуының сюжеттің аяқ астынан өзгеріске ұшырап мүмкін еместің мүмкін болушылығы. Бұл әдеби ертегі жанрына жатқызып жүрген шығармалардың фэнтези екендігін теориялық тұрғыдан дәлдеп шығуға түрткі болатын басты нышан [Гоголева С.А. Влияние готического романа на жанр фэнтези и его роль в становлении жанра // Наука и образование. – 2007. – № 3. С.166]
Осы арада екі бірдей бір-біріне ұқсас жағдайды өзара салыстырып көрейік. Тұтқынға түскен жан ғылыми фантастикада шындыққа жанасымды жолмен қамақтан құтылса, Т.Рымжанов шығармаларындағы Бәдиғұл, Гүлбарша т.б. көптеген амал-тәсілдер арқылы сиқырдың күшінен азат етіледі.
Фэнтези жанры туралы әзірге дейін бірізге түскен айқын анықтама жоқ. Бір зерттеуші оның ауқымын кең қамтыса, енді бірі тар қамтып ой қозғауда. Бізге ұнайтыны Г. Гуревичтің фэнтезиді «ғылыми емес фантастика» деп атауы. Т.Рымжанов «Зәйтүнқарлығаштың ерлігі» мен «Ерден батыр» ертегі-роман диалогиясындағы Ағдем ғұламаның тірлігі ғылыми түсінікке қарсылықта болып келіп, фэнтези жанрының қазақ әдебиетіндегі ішкі мүмкіндігін ашады. Ең бірінші қазақ фэнтезиін әдебиет алыбы Ғабиден Мұстафин өзінің «Миллионер» шығармасы арқылы өмірге әкеліп, одан кейін бұндай кесек туынды Т.Рымжановқа дейін өмірге келе қойған жоқ.
Мен жоғарыда аталған 7 белгінің Т.Рымжанов туындыларында ұшырасуы негізінде мынаны айтқым келеді: қазақ фэнтезиі жоғарыда сөз етілген түрлі нышан-белгілердің қат-қабат араласуынан тұратын, басты мақсаты қазақ ескілігін дәріптеуге құрылған сюжетке арқа сүйейтін прозалық әдеби туынды.
Орыс зерттеушісі Г.Нефагин фэнтезиге В.Пелевиннің «Омон-Ра», «Чапаев и Пустота», «Жизнь насекомых» бұрын басқа жанрға жатқылып келген шығармаларын еш жасқанбай қосуға болатындығын алға тартады. ТМД-дағы кейбір жазушылардың туындылары турасында әдебиет зерттеушісі Е. Ковтунда осындай ойда[Беренкова В.М.
Жанр фэнтези как объект лингвистического исследования // Вестник Адыгейского государственного университета. Серия 2: Филология и искусствоведение. – 2009. – № 4. С. 93]. Иә, қазақ әдебиетінде әдеби ертегі жанрына қатысты болашақта басын ашып алатын бір нәрсе осы. Фэнтезиге Т.Рымжановтың қай шығармасын жатқызамыз, қай туындысын жатқызбаймыз?
Фэнтезидің ғылыми фантастикамен қатысты турасында Чернышеваның ойын С.А. Гоголева өзінің мақаласында: «…НФ (научная фантастика) изображает возможное – возможные в будущем перемены, открытия, возможные в галактике миры и цивилизации, в то время как fantasy изображает нечто заведомо невозможное»-деп келтіре отырып, ойын ары қарай былайша өрбітеді: «во всяком случае, в нашем мире (эта оговорка не случайна, так как в свете постмодернистского восприятия мира все, что создано воображением автора, существует, ибо мир есть текст)» [Другие миры: традиции и типология жанра фэнтези // Наука и образование. – 2006. – № 3. С. 85].
Әдебиет зерттеушісі М. Галина екі әдеби жанрдың басын ашып көрсету өте қиын. Бірақ, шартты түрде айтар болсақ, ғылыми фантастика ғылыми парадигмаға арқа сүйесе, фэнтези қосымша шарты ретінде магияны өзіне серік етеді деген ойды алға тартады[Еще раз о жанровой специфике фантастической литературы // Ученые записки Петрозаводского государственного университета. Серия: Общественные и гуманитарные науки. – 2008. – № 91. С. 100].
Фэнтезиді кейбірде ғылыми фантастиканың модификациясы деп оның құрамына кіргізсе, біз өз тарапымыздан Т.Рымжанов шығармашылығындағы әдеби ертегі мен ғылми фантастиканың синкретігінен туған жаңа жанр деген ой айтпақпыз.
Өз әдебиетіндегі авторлардың шығармашылығы негізінде бұл жанр турасында: «әдеби ертегі жанрына еш сорпасы қосылмайды» деп айтылған батыстық және шығыстық түрлі әдеби-ғылыми ойларымен әлемдік деңгейде келіскенімізбен, ұлттық деңгейде өзгеше ой толғап, қазақ әдебиетіндегі ұлттық фэнтезиіміздің христиандық санадағы батыстық фэнтезиден өзгешелігіне орай авторлық позицияны танытатын және әр жазушыны бір-бірінен өзгешелеп тұратын алаштық миф пен бағзы қазақтық ертегінің синтезі деген тоқтамға келеміз.
Қазақ фэнтезиінің басты нышаны – мифке бет бұру. Өйткені, Т.Рымжанов шығармашылығындағы миф әр түрлі болып келеді, бір миф жалпы қазақ түсінігіндегі ұғымды танытса, екіншісі ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып автор тарапынан өмірге келген жаңа мифтуындыгерлігін танытады.
Жоғарыдағы айтылған ойымызды одан ары сабақтайтын болсақ, ғылыми фантастика (ҒФ) мен фэнтези бір-бірінен көптеген ішкі шарттары бойынша өзгешеленеді. Бірі – болуы ешқашан мүмкін емес, әлем келбетін көз алдымызға әкелсе, екіншісі болашақта әйтеуір бір болып қалуы мүмкін ғалам келбетін сомдайды.
Фэнтезиде бізден тысқары күштер іс-әрекет үстінде көрінеді. Мұндай сипат әлбетте ғылыми фантастикаға мүлдем жат. Фэнтези әлем келбетін адам танымастай өзгерте алады. Т.Рымжанов өз шығармаларында Күнді теріс шығарып, сиқырдың күшімен Гүлстан қаласын Өлі қалаға айналдырады. ҒФ сиқырға емес, технологияның дамуына арқа сүйенеді.
Осы екі әдеби жанрды індете зерттеуші Чернышеваның пікіріне ден қойсақ, ҒФ мүмкін болатын нәрсені сөз етсе, фэнтези өз кезегінде мүмкін емес дүниені қиял құсын шарықтатып мүмкін ете алады. Бұдан шығатыны ғылыми фантастика тылсым құбылыстардан сырғақтаса, фэнтези оны өзіне басты өзек етіп алады [Дьяконова Е.С. Конструирование единого пространства художественного аномального мира в произведениях жанра фэнтези // Вестник Иркутского государственного лингвистического университета. – 2008. – № 1. C.12].
Сонымен фэнтезидің барша әлем әдебиетіне ортақ нышан-белгісі – біздің әлемде болмайтын дүниені сөз етулері болып табылады. Т.Рымжанов – ұлттық ерекшелігіміздің барша рухани-мәдени құндылықтарын сақтай отырып, өзінің біртұтас көркем әлемін фэнтези жанры бойынша өмірге әкелген жазушы.
Біз «Зәйтүнқарлығаштың ерлігінде» Шахат сиқыр мен Сұртырнақты өлтірген жебенің құпиясын еш білмейміз. Оның қайдан шыққандығын тек осы туындының жалғасы «Ерден батырда» Табиғат патшаның сақалы екендігін, оның садақпен атылып, араға уақыт салынып, ұшып жүріп, Ерден Жаһұтқа оралғанда Ла диюды өлтіретіндігін білеміз.
Иә, Тәукең әлемі заманалық қазақ әдеби ертегісінен мүлдем өзгеше онда шындық өмірде мүлдем мүмкін емес дүниелер тылсым күш арқылы жүзеге асып жатады. Сонымен қаламгер өзінің басты мақсаты қаламымен өскелең ұрпаққа тәрбие беру екендігін жете сезіне отырып, шынайы өмірде болуы мүлде мүмкін емес дүниелерді дидактикалық кәдеге жарата біледі.
Осыдан келіп, Т.Рымжанов фэнтезиінде кез келген фантастикалық элемент автор түсіндіруінсіз, шығарма тініне енгізіліп отырады. Өйткені фэнтези сиқырдың құпиясын ашуды керексінбейді. Өйткені, адамның табиғаты қашанда таңғажайыптыққа ынта танытып отырады емес пе!?
Кейде сол құпияның мәнісі ашылмай тылсым күйінде қалғандығын қалайды. Құпия ашылғанда тылсым өзінің тылсымдық қасиетінен айырылып, қарапайым көп нәрсенің біріне айналады. «Зәйтүнқарлығаштың ерлігінде» Шахат сиқырдың қайдан шыққандығы мүлде құпия күйінде қалып, тек екінші кітапта ғана өз сырын ашады. Айта берсек, оқырманынан бүккен қаламгер құпиясы жетерлік.
Біз жазушының әдеби шығармаларының қайсысында фэнтези басым, қайсысында әдеби ертегілік нышан басым, соның негізінде қаламгердің екі жанрда да қалам тартқандығын дәлелдей білуіміз керек. Бұл арада біз осының алғашқы қадамын ғана жасап отырмыз.
Тәукең болмыс пен бейболмыс арасындағы межені бұзып, суреттейтін әлемінің шынайлығына өз оқырманын сендіре біледі. Осылайша жасөспірімдер қаламгер фэнтезиінің әлемді түйісінудің, бейнелеудің, ой елегінен өткізудің өзіндік бір жолы екендігін ұғынады. Жазушының бізге ұсынған ертегілік әлемі «ертегілік емес» әлемге айналып, бүгінгі күнгі қазақ қоғамының басты проблемалары астарланып, өткен күндердің оқиғаларымен астасады.
Осылайша, автор біздің барша өзекті мәселелерімізді мифпен өрілте түсіндіріп, Естемір образы арқылы түрлі қырынан ұсынады. Осы шығармадағы Күннің теріс шығуы біздің бабалар дәстүрінен алыстай бастауымыз, тіпті кей жерде мүлдем керек етпеуімізді сездіреді.
Бұл фэнтезидің тасасында мені танып ал деп қылтиған біздің бүгінгі өміріміздің көлеңкелі жағы. Оның автор тарапынан тереңге жасырынғаны сондай, оны кез келген оқырман аңғара бермейді. Және батыстық фэнтезиден қазақ фэнтезиінің бір айырмашылығы фольклорға тән сөз саптау мәнерінен қол үзбеуі.
Фэнтези авантюралық романдардан көп нәрсені алды. Оның ішінде әсіресе сюжет құру мен айла-шарғыны. М. Бахтиннің «авантюралық» романдық уақыт туралы пікірін тірек етсек: «авантюрлық «уақыт жағдайы» дегеніміз иррационалдық күштердің адам өміріне араласатын арнайы шағы: тағдырдың жазуы, құдайлардың, әзәзілдердің, сиқыршылардың… романдық аярлардың араласуы», барша шексіз авантюралық уақытты бір ғана күш – кездейсоқтық билеп төсейді»,-онда көптеген туындыларды сөзге келмей фэнтезиге жатқыза аламыз.
Қазір ТМД кеңістігіндегі әдебиеттанушы ғалымдар фэнтезидің көлеміне қатысты да дау туындатып жүр [Чепур E.A. Русская фэнтези: к проблеме типологии характеров // Проблемы истории, филологии, культуры. – 2008. – № 19. C.336].
Әдеби ертегі бұрынғы фольклорлық ертегіде мүлде кездеспейтін авторлық таңғажайып әлемді өмірге әкелді. Ол әлем сол авторға дейін жазылған ешбір әдеби әлемге ұқсамайды. Бұны Чернышева «әдеби ертегідегі жаңа дәстүр» деп атайды.
Т. Степновскаяның сөзіне кезек берсек, онда фэнтезидің өмірге келуі турасында: «Фэнтездің еркін қиялдың шарықтауы арқылы шындық өмірдегі барша заңдылықты бұзатын, мазмұн мен форманың бойына кез келген сиқыр мен таңғажайыпты ендіре алатын көркем әдебиеттің ерекше түрі ретінде өмірге келуінің бастау көзі миф пен ертегіде жатыр»,-деп тұжырымдайды. Бұл арада ескеретін бір нәрсе «жоқтан бар пайда болмайды, бар нәрсе жоғалмайды».
Мифте басты заң фатум мен жоғарғы күш. Ал, ертегінің қағидаты бұдан бөлектеу жақсылық жамандықтан қашанда үстем, бас қаһарман еш қиналмай жолындағы кедергінің бәрін жеңіп шыға алады. Ал ондағы зұлымдық тек жақсылықтың жеңіп шығуы үшін ғана қажет.
Фэнтези әлемді үлгілеп, ертегілік ауан шарттылануы экзистенция деңгейінде өзін жоғалтып алады. Басқаша айтар болсақ, ертегі фэнтезиге айналады сол кезде, қай кезде өзіне реалистік өмір нышанын таңдап алатын болса. Жақсылық пен жамандықтың арасалмағы теңесіп, әділетсіздік туындап, кездейсоқтық пен жазымыш пайда болады.
«Ай астындағы Айбаршада» бас кейіпкер Өлмес тек Қыран қарақшы арқылы дегеніне жетсе, Т.Рымжановтың «Күн перзенттерінде» Айбарша мен Гүлбарша және ұлттық ертегідегі Қыран қарақшының фэнтезилік прототипі Хақзар Өлместің арқасында дегендеріне жетеді.
Бұрынғы қазақ әдеби ертегілері не әлемдік деңгейдегі әдеби ертегі емес, не фэнтези емес, осы жолдағы алғашқы талпыныстар еді. Әдеби ертегінің де, фэнтезидің де бағын ашқан Т.Рымжанов болды. Оның шығармаларында тылсым* мен тылсым емес** бір-бірімен аяусыз күреседі.
Қазақ фэнтезиі ересектер әдебиетінде ғылыми фантастикамен араласып бой көтергенімен кең қолданыс таба алмады. Қазақ фэнтезиінің атасы Ғ.Мұстафиннен («Миллионер») бастау алған қазіргі қазақ әдебиетіндегі бұл жанрдың ара-кідік ұшырасуы қаламгерлеріміздің шет ел фэнтези классиктері: Дж. Р. Р. Толкиен, Мэри Стюарт, Урсула Ле Гуин, Роджер Желязны, Майкл Муркок, Андрэ Нортон және басқаларымен орыс тілінде танысуынан деп білгеніміз жөн.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдары кеңестік әдебиетте фэнтезидің ұлттық ұстанымдағы алғашқы үлгілері: Н. Ютановтың «Оборотень», Е. Хаецкийдің «Меч и радуга», С. Логиновтың алғашқы әңгімелері мен Т.Рымжанов туындыларында бой көрсетті.
Шет елде бұл жанр қарқынды дамуда. Енді осы жанрдың іргетасын кім қалағандығы турасында сөз ете кетейік. Қазіргі біз фэнтези деп санайтын туындының әкесі Роберт Говард өзінің 1936 жылы «Айдаһарлар ғасыры» туындысын өмірге әкелді. Жаңа жанрдың бас қаһарманы Киммерлік Конан болып, жаңа үрдіс әуелі genre¬sword and sоrcery («қылыш пен сиқыр жанры») деп аталды.
Осылайша, жаңа әдеби жанр өмірге жолдама алып, келесі жылы Дж. Р. Р. Толкиен «Хоббит, немесе Анда және кері» туындысын баспадан шығарды. Аталған қаламгер шынайы атақ-даңққа тек 1954 жылы «Шеңбер әміршісі» туындысынан кейін бөлене алды[27,C.43]. Осылармен бір мезгілде маркстік ұстанымдағы тұңғыш қазақ утопиялық (коммунистік) фэнтезилері поэзия және проза саласында өмірге келе бастады.
Христиан және ислам фэнтезиінің екі бөлек дүние екендігін ескеруге тиіспіз. Өйткені, фэнтезидің ілкі нышандары Шығыс әдебиетінде араб, үнді, қытай, жапон, түркі т.б. елдерде буддизм, брахманизм, ислам, алаш мифологиясы негізінде бұрыннан бар болатын.
Ал батыста готикалық, авантюралық, сал-серілік романдардың, «феялық ертегілердің» (fairy tales), аруақтар туралы әңгімелердің қоспасы ретінде фэнтези жеке жанр болып қалыптасты.
Бізде, яғни Шығыс әдебиетінде фэнтези бар, ол еуропалық ұғым-түсініктен мүлдем бөлек. Араб фэнтези, түркі фэнтезиіне ұқсамаса, жапон мен қытай фэнтезиі бір-бірінен бөлектеніп тұрады. Ал, батыста бәрі бір дінде болғандықтан бір-біріне егіз қозыдай ұқсас болып келеді. Үш түрлі дінді ұстанып отырған шығыстың фэнтезиін әдебиеттану мен өнертану бойынша зерделегенде осы өлшенімді қаперде ұстауға тиіспіз.
Қазір батыс фэнтезиі толкиендік эпопеяны: ведьмак (А. Сапковский Польша), Жерорта тарихы, артур мифтері және ғаламтордағы «фанфикшендер» жазбаларымен толықтырып жалғастырып келеді. Ресейде толикендік бағыттағы Ник Перумовтың «Кольцо тьмы», Н. Васильеваның «Черная книга Арды» мен «Исповедь стража», К. Еськовтың «Последний кольценосец» т.б. шығармалары өмірге келді.
Біз батыс фэнтезиін бір ғана толкиендік үрдістің қазығына байлап қойсақ, ғылыми әділетсіздік жасаған болар еді. Еуропа ұлттары өз ескілігінің негізінде де фэнтези туғызып жатыр. Бұл салада орыстар мен поляктар славяндық мифтер негізінде мифологиялық фэнтезиді өмірге әкелуде.
Романтиктер өз дәуірінде ұлттық ертегілерін өңдеп, әдеби ертегі жанрын өмірге әкелсе, енді жаңа ғасырда қазақ қаламгерлері де өздерінің алаштық мифтерін өңдеп, фэнтези жанрын өмірге әкелді.
Осының бастау көзінде Т.Рымжановтың «Зәйтүнқарлығаштың ерлігі», «Гүл Ағашы», «Күн перзенттері», «Ерден батыр» сынды төрт туындысы тұр.
Батыс мифологиялық фэнтезиі белгілі мифтер шеңберінен аса алмаса, Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде алаш мифологиясы С.Қоңдыбайдың арқасында жаңа сатыға көтеріліп, қаламгерлерімізге рухани азық болып жаңа шығармалар тудыруға мол мүмкіндік берді. Осы өліра сәтті өзінің шығармашылық кәдесіне жаратқан Т.Рымжанов болды.
Енді-енді қазақ әдебиеттануы көкжиегінде бой көтерген фэнтези жанры турасында кесіп-пішіп сөз айтуға әлі ертерек. Кез келген «жаңа» құбылыс жайында айтылған жауаптан гөрі қойылатын сауалдың көп екендігі және бар. Біз әлем өнертануы мен әдебиеттануындағы жанрдың анықтамасы мен классификациясы жалпы қабылданған терминологиясының болмауы әлі күнге шатыстырушылыққа ұрындырып жүргенін білуге тиіспіз.
Сондай-ақ, осы жанрдың ең бірінші әдеби бағын ашқан кім екендігі жөнінде және оның бастау көзінде не жатқандығы турасында да даму-дамай жетерлік. Қазақ әдебиеттануындағы айқын нәрсе осы жанрдың бар екендігін бізге танытқан Т.Рымжанов шығармашылығы. Қазақ фэнтезиі алаштық миф пен қазақ қиял-ғажайып ертегісінен көп нәрсені мұраға ала білді. Оның үстіне қазақ фэнтезиінің әлемі адамдар өмірімен, Жермен байланысты болып келіп, әзірше одан жеке өмір сүретін әлемдегі оқиғаларға құрылған туындылар Т.Рымжановтан басқа қаламгер тарапынан өмірге келе қойған жоқ.
Әдебиет теоретиктері осыған байланысты алғашқы туындылар тобын «төменгі» және соңғысына жататын шығармалар шоғырын «жоғарғы» деген шартты атауды ұсынуда. Иә, бізде осы «төменгі» фэнтези әлемі, яғни бетер (сверх-термин С.Қоңдыбайдікі) күштердің біздің шындық өмірімізге араласуы негіз болған туындылар өмірге келуде. Мысалға, М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы». Т.Рымжановтың біз атаған туындыларының ішінде төрттік әлем көрініс табатын «Гүл Ағашын» бөле-жара атауға болады.
Перілер, шайтандар, жыландар және адамдар әлемі олардың бір-бірінен ұқсастықтары мен ерекшеліктері автор тарапынан жан-жақты сөз болады. Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет қазақ фэнтезиі жеке жанр ма, әлде ол ғылыми фантастиканың ерек түр ерекшелігі ме осы төңірегінде бір тоқтамға келу.
Қарабек Шәки-Жамалға кездескенге дейін Бөспе шайтанның азғыруымен, Өлмес елінің Күнінің теріс шығуын доғару үшін, Зәйтүнқарлығаш сүйгенін тірілту үшін басқа әлемге сапар шегеді. Бұл оқиғалардың бәрі Жермен және қазақтың көне тарихымен байланысты болып келеді.
Фэнтезиде дәстүрлі түрде адам Жақсылықты ту етіп, басты тұлға болып табылады. Көбіне ол ерекше қасиетке ие болып келеді. Т.Рымжанов өз кейіпкері Өлмеске жоғарғы технологиялық жетістік құралы Айбарша сыйлаған жүзік арқылы аң мен құстың тілін білгізсе, Қарабекті тумасынан «ішкі шайтаны» жоқ ерек адам етіп суреттейді.
Және адамдардың ғұмырының перілер мен шайтандарға қарағанда аздығы олардың сиқыр білімінен адалығын танытса, ғылым арқылы осы жоқтың орнын толтырған Ағдем бейнесі турасында бұлай дей алмаймыз.
Қосарлы әлемге Тәукең кейіпкерлері сиқырлы заттардың, қолдаушылардың көмегімен сапар шегеді. Ол жерде кейіпкер өзгеріп сала береді. Біз «Зәйтүнқарлығаштың ерлігінде» Ерденнің батырлығын көре алмасақ, диалогияның екінші кітабында оның батырлығына жан-жақты қанығамыз.
Фэнтези шынайы әдеби жанр ретінде ғалымдар тарапынан шынайы зерттелмей отыр. Оның себебі, көпшілік қолды әдебиет деп саналуынан. Біз өз тарапымыздан осы әдеби жанрға деген тоңмойын көзқарас бірте-бірте өзгеріп, әдеби феномен ретінде зейін қойып зерттейтін заман әлі-ақ туады деген ойдамыз.
Біз жоғарыда келтірген салыстырулардан кейін әдеби фэнтези өз бастауын халық ертегілерінен алатын, одан «ертегілік реалдықты» ауысып алған, жанрқұрушы факторы ғылыми фантастикадағыдай бірыңғай ғылыми сипатқа негізделмеген авторлық фантастикалық әдеби туынды деген ой түюге болады.
Фэнтези оқырманы ең көп, жұрттың бәрі жапа-тармағай оқитын сөз өнерінің туындысы болып табылады. Біздің мақсат орыс тілді ағайынның оғаш пікіріне қарсы өз пікірмізді білдіру ғана бұл жанр өзінің толыққанды зерттелуін күтіп жатыр.
АҒАҒА ІНІЛІК ОДА НЕМЕСЕ «ӨЛМЕС ПЕН ТЫНЫШ»
Түрлі тарихи дәуірде тіпті оның шегінен тыс аймаққа көз тігетін болсақ, түрлі елдердің ауызша және жазбаша дәстүріне ой жүгіртетін болсақ, екі бір-біріне қарама-қарсы күштердің өкілдерінің күресінің куәсі боламыз. Бұдан қазақ руханияты да құтыла алмай отыр. Қазақтың ресми ғылымы мен бейресми ғылымы арасында астыртын күрес жүріп жатыр. Олар тіпті бұл процестен мүлдем тысқары тұрса да түрт сайтандықпен «осы күресті тудырушылар өнер иелері мен қаламгерлер» деген аяр мифті өмірге әкеліп те үлгерді. Ол алаши санаға шынайы ақиқат болып құйылды. Ал бұл топқа жататындардың бар кінәсі өздерінің өзегін жарып шыққан өнери перзенттерін нақақ ойлар мен шәлкес түсініктен қызғыштай қоруында болып отырған жайы бар. Сонымен, кейде бастары бір жерден тоқайласа қалатын қазақ ресми және бейресми ғылымы мен өнер (сөз) иелері арасындағы күресте бір ғана жеңімпаз бар. Ол – туынды. Ал, осы туынды қазақ филологиясында қалай қабылданып жүр? Осыған тереңге бойлап, алыстан қозғап ой жібердік пе жоқ. Бірақ, бір нәрсе ақиқат ол – ғалымның – жазғыш, ал, сөз иесі – жазушының – авторы өлген мәтін иесі екендігі. Иә, автор сол кезде өледі, қай кезде оның жаһұт туындысына скриптор өзінің сұғанақ қолын сұққанда. Авторды өлтірмеу үшін не істеуіміз керек? Осы жағы күмәнді. Біз авторды өлтіріп алдық, ал, тірілтуге тырыспаймыз. Себебі өзіміздің ғалым емес, бар болғаны жазғыш (скриптор) ғана екенімізді мойындағымыз келмейді. Біз, ғалым ретінде дайын асқа тік қасықпыз. Автордың ойында жоқты бар қыламыз, немесе, керісінше ойында барды жоқ қыламыз. Міне, бар болғаны осы ғана…
1 сурет
Біз қалайық қаламайық қазіргі қазақ филологиясында үш филологиялық мектеп бой көтеріп отыр. Оның бірі жалпыға ортақ канонданған дәстүрі бар, элиталық мәртебеге ие, қарапайым пендеге төбеден қарайтын – астаналық, алматылық ресми филологиялық мектеп, екіншісі бас-көзіңе қарамайтын, ешбір беделдің алдында бүгжектемейтін, ғылыми атақтарын жіпке тізіп саналамайтын бұқаралық мәртебеге ие, ұлтқа бір табан жақын – батыс алаштық марқұм Серікбол Қондыбайдың лингвогеомифофилологиялық мектебі, соңғысы – Қ. Шаяхметұлының шығыс алаштық неоэтнолингвофилологиялық мектебі. Бұл соңғы екеуі – таза ғылым үшін жаралғандардың көсегесін көгертетін мектептер. Біз қазақ гуманитарлық ғылымында кастаға бөлініп отырмыз оны өп-өтірік: шымкенттік, семейлік т.с.с. деген жалаң сөзбен бүркемелемей, Бір Жаратқанның алдында мойындауымыз керек. Енді жершілдіктің балалық ауруымен ауырмай, ресмисің бе, бейресмисің бе деген сауалды ғылым жолына бел шеше ден қойғандарға тіке қоюымыз керек. Осыған ғылыми арымыз жібере ме?..
Біз жоғарыда сөз еткен неоэтнолингвофилологиялық мектептің дара тұлғасы – Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ғасырларға бет алған даналық керуенінің шерушісі. Ақын философиялық трактат жазды зиялы қоғам үнсіз. Қазақ қоғамдық-әлеуметтік ғылымында мүлдем ештеңе болмағандай мүлгіген тыныштық. Базарлы рухы Алашқа Тыныштықбек кейіпінде оралды, ешкім осыны елгісі де, сезінгісі келмейді. Алаштық “Ескендір шаштаразы” өмір шындығын жайында, түркі рухын өлтірушілер жайында бізге сыр шашқысы келеді таскерең секілденіп, естімейміз неге? Бізге Қаз Сақ Сөзү, Қас Сақ Тілінде бірдеңе айтқысы келеді құлағымыз бен жүрегімізді жауып алып, құлықтылық танытпаймыз, неге?
Сөзімді тыңдар деген бүгінгі таскерең қоғамнан күдер үзген “Ескендір шаштаразы” болашақтың құдығына айқай салуда: “… “Балакөз” сайтының құлпын қалай ашуға болады?!..”[II том 35б.]. Бізге, алашына, әлі Мұхамед ғ.а.с. төменсіңдер деп күстаналаған философ-ақын: “…Құдай жолымен жүруші пенде – пайғамбардан да мәртебелі” [II,36б.] екенін қақсайды.
Бастауын Сәбетқазы Ақатай сынды алаштың біртуар ойшылдарынан алатын философиялық толғаныстар бұрынғы шағын мақала мен жұқалтаң кітапшалардан кереқарыс том-томданған кітаптарға ұласты. Ұлтына батыссыз, шығыссыз таза түркілік рухтағы философиялық Қайта Өрлеуді сыйлаған туынды – Тыныштықбек ағамыздың “Қаз Сақ Аңқымасы”. Философ осы еңбегінде қазіргі қазақ қоғамын тарих таразысы тұрғысынан кеңістік пен уақыттың үшем бірлігінде тұтастықта алып, өзінің мәңгі өлмейтін өміршең анықтамасын түрлі символдық, сөздік форумалық тұжырымдамаларымен түйіндеп беріп отырады. Туындының проза мен поэзия араласқан жазу стилі әдебиетіміздегі Шәкәрім мен Мәшһүр дәстүрін тірілітіп, ХХІ ғ. қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардағы әдеби-фило-этнолық синтездену эрасының шымылдығын ашты. Тап осындай шығармалар бұрын-соңды әдебиетімізде болмағандықтан біреулер қызаныштан үнсіз қалса, екіншілері – дүмбілез дүмшеліктерінен жақ ашпай отыр. Әйтпесе, Тыныштықбектің шығармашылық рухын ұғыну үшін елден асып туған дана болудың еш қажеті жоқ. Тек онымен пікірің тоқайласып, ойың ортақтасса болғаны. “Тәнің сасыса да, жаның сасымасын”-деді ғұлама.
Ағамыз Ғабит Мүсіреповтің Ертілес қартындай көне тарихты бізге кеңестік және кещелік күл-қоқыстан арылтып, рухыңды ояту, алаштық қаның мен санаңды тірілту үшін намыс отына жанып-жанып береді. Қиекең мектебінің сөз саптауы, сөз қадірі мен парқын байыптау үрдісінен айнымайтын ағамыз көне ұғымдар мен алаштық түсініктерді, символдарды, сөздік ұғымдарды әлемдік, түркілік, исламдық дүниетаным аясында герменевтикалайды, жаңалана ұғындырылған интерпретациясын оқырман ұғымына сай кейде, прозамен, кейде поэзиялық түркі дидактизмімен жетеңе жеткізеді. Мысалға: “Дулыға”
Жарықтық Ер Дулыға Көкке сіңіп,
Жапан-Түз бірте-бірте сөне берді…[II,38б.].
Философ Мақтымқұлы, Молланепес, Абай туындыларында бой көрсететін архетиптік сан магиясы “бестік ұғымды” поэзия тілімен Бес Ене (күн, жарық, жел, су, жер енелер, яғни философиялық бес элементтің түркілік тегі) деп төгілтсе, проза тілімен 99999-ғалымдар; 88888-кәсіпқой жұлдызнамашылар; 77777-бақсы-балгерлер; 66666-көрегендер; 55555-мыстан кемпірлер (мыс фетиш); 44444-жезтырнақтар (жез тотем) деп темірді игергенге дейінгі дәуірді қарпи тайпалатады.
Сөз ойнату, ұғым ойнату – Тыныштықбектің өлеңдегі ғана емес, философиялық трактатындағы өзіндік стильдік ерекшелігі. “Әли баба және 40 қарақшы” біздер үшін қызықты ертегі ғана болса, философ үшін ислам әлемі мен оның жауы АҚШ пен Батыс Еуропалық кеудемсоқтық. Дәстүрлі ұғымды символдандыру ағамыз үшін өзіндік ой мен пікірін танытудың стилистикалық ең ұтымды амал-тәсіл ретіндегі туынды бойындағы композициялық тін өзін ақтап тұр. Біз Мұхтар Шахановқа телитін “таза қазақ пен шала қазақ” делінетін қате ұғым-түсінікті ағамыз ағаттығынан аршып, кем-кетігінен арылтып, жартыкеш пайымдауды, толыққанды байыптауға айналдырып, ұғынылу аясын одан да тереңдетіп, “Дала да Бала Қазақ” және “Қала да Шала Қазақ” түрінде жұтындырып, ешкімнің шамына тимейді, әрі алаш қауымына жік те түсірмейтін мәмлегершілік түйіндемеге айналдырған. Философ ақынның алдаспан тілі ұлтты бөліп жармай, бәрімізге ортақ кемшіліктерді алмас қылыштай отты стилімен орып түседі. Философия әлеміндегі бір жаманы: мұсылман ойшылдары – мұсылман жамағатқа; батыс ойшылдары (ниеттері қара болса да) – бүткіл адамзатқа өсиет айтқансиды. Тек түркі ойшылдары ғана (танымайтын білмейтін біреулер үшін ақылмансымайды) – тек өз ұлтымен ой бөліседі. Біздің дәуірімізде сондай сүйікті алашымен (тек қазақ емес, қазақ империясының құрамында болған, теке түркімендермен, тұрандық өзбектермен, соғдылық өзбек сарттарымен, әмулік қарақалпақтармен, жерімізді мекендеуші енесайлық қырғыздармен) ой бөлісуші – Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ғана, бұл қазақ қоғамдық ғылымы үшін өкінішті дүние. Ол ғалымда жалғыз болса да, шаңын шығарды. Абайды ауызға алмай, тек Шәкәрім қажы мен Ғарифолла ағамыздан кейінгі маңдайымызға біткен жалғыз философтың парқын семейліктер мен Абай елі ұқпаса, бұл елдігімізге сын.
2 сурет
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы – піспеген әдебиет теоретиксымақтары шығармашылығының түпсіз тереңіне бойламай, әйтеуір осыған бір баға беру керек қой деген сыңайда ауыздарына ала салған “бір түрлі ақын” емес, заманымыздың заңғар философ-ақыны. Шәкәрім мен Мәшһүрдің тіл-көзден аман қалған соңғы тұяғы, қазақ ақылмандығының могиканы. Бізге екінші Тыныштықбек 1000 жылда бір келер, келмесе мүлдем жоқ. Сондықтан оның дариядай ойының тамшысын да туған халқына айта алмайтындар бір жағы – күншілдікпен қызғанып, екінші жағы – ағамыздың шалқар ойын өздері түсінбегендіктен философтың ұлығ дүниелерін елемеуге, атын ауызға алмауға жан-тәндерін салуда. Сонда философияда кімді бағалауымыз керек? Осылайша, ағамыздың “Қаз Сақ Аңқымасы” шықты. Семейлік Елағаларының сөз түсінеді дегендері әріптің артын баға ма, ештеңе болмағандай мүлдем үнсіз, қалғандар түкке тұрмайтын дәлдүріштерін қазақ әдебиетінің классигіне айналдыруда, ал біз қолда бар алтынның қадірін біреулердің “бір түрлі ақын” дегені үшін арыға бармай отырмыз. Кейде Астана мен Алматыдан келген 50 түгіл, қырыққа келмеген “ұлы ғылымдағы әдебиетішілердің” жатып жастық, иіліп төсегі боламыз неге? Олар ағамыздың жанында қазақ ғылымына не қосыпты, нендей жаңа леп әкеліпті??? Академик Серік Қирабаев: “қазіргі ғылымдағы жастардың бәрі ұлы, ұлы демей көр, ертең ұстазы бола тұрсаң да сәлеміңді алмайды” деп орынды сөз етті. Ау, ағайын, Ғарифолла ағамыз “Ұлылық” Аллаһтың бір есімі оны күнаһар пендеге қосақтаудың еш керегі жоқ қақсауда біз неге аталы сөзге құлақ аспаймыз. Абайдың елінен шыға тұра, қазақ ғылымында болып жатқан пендешіліктерге неге басу айтпаймыз. Неге үш данышпанның туған топырағын басып жүріп, өзгенің жасығын өздерінен асырып марапаттаймыз. Кезінде өзімізден шыққан ғалымдарды кандидаттық, докторлық қорғағанда өзгенің талауына беріп, аяғынан өзгелерден асыра шалдық. Осындай күйініштердің басуы ешкімнің тісі батпайтын, аға сенің кітабың, сенің ғылыми еңбегің.
Демек, Тыныштықбектің кітабы ұлттың бағына, бар жазғаны өзі өлген соң ұмыт болатын дүмшелердің сорына айналған мәңгілік трактат. Өз заманында еленбеу тек данышпандардың пешенесіне жазылған тағдырдың мөрі. Бейресми ғалымдарды елемеу ұлттық әдеби-теориялық дамуды тұралатып бітті, жөн сөз айтатын, жазылған шығармаға Тұрсын Жұртбай ағамыздай ақ сөз айтатын жан тіптен қалмауға айналды. Осы жолда олар қазақ әдебиетін 1970 жылғы бодандық сана, құлшылық сезім деңгеймен өлшегісі келеді. Осы саладағы ресейдің күресінге шығарылып тастаған оқулықтары біздікінен көш ілгері екенін ар алдында мойындау қандай қиын. Бір қуаныштысы Ресейде оның рухын танытатын – Тыныштықбектей философ жоқ. Болмайды да…
Біз болашақ тыныштықбектанудың кіріспесінің шымылдығын ғана аша алдық. Өйткені, оның шалқар ойына дендеп көңіл қойып, көз жүгіртудің әлі уақыты келген жоқ. Оған білімі беймарал жететін озық ойлы ұрпақ әлі өзінің білім қорын жинап болған жоқ… Себебі, тыныштықбектанудың тереңіне бойлай үңілу жас ғалымдардың еншісіне бұйырып тұр.
Өзіңді және ұлтыңды танығының келсе, Тыныштықбекті оқы. Абай – имперализм дәуіріндегі бодан қазақты, Тыныштықбек – жаһандану дәуіріндегі бостан қазақты психологиялық жақтан тәпсірлеп, этностың дүниетанымдық айнасынан келбетіміздің қандай екенін көзге шұқып көрсете білген философтар. Осылайша, Шәкәрім мен Мәшһүрден кейінгі кесікті сөз айтып, қазақ философиясын бодандық бұғауынан босатып, азат ойдың айдынына шығарған ағамның талантына тағзым ете ете отыра, асқаралы ағамыздың екінші бір қыры қазақ постмодерніндегі ерек поэтикалық туындысы «Ырауан» жинағына арнайы тоқталмақпыз (Тыныштықбек Әбдікәкімов. Ырауан. Өлеңдер, балладалар, толғаулар. Алматы «Атамұра» 2000 жыл. 230 б.). Постмодернизмнің әдеби бағыт ретінде ұлт әдебиетінде қалыптасуында Тыныштықбек шығармашылығы елеулі рөл атқарды. Екі ғасырдың тоғысында өмірге келген осы туындының атауының өзі түрлі ойға жетелейді. Ал, автор болса оны: «Ырауан – ыраушы, тілуші, жыртушы; өткір: острый, резкий; проходящий, пронизвающий, проникающий; өткір яғни Жүз: лезвие; Лик; ағын; өзен; қараңғылықты іреуші, ыраушы Жарық; Күннің ғаламдық Кемпірқосағы (кем бір қосақ); Таң Жарығы; Күн; Күн Нұры.
Түбірі «Ыр» (ыр, жыр, тіл, сой; Өткір Сөз; Жыр) сөзі болып келетін «Ырыуан» (ырушы, жырушы..,) сөзінің толыс түрі ретіндегі «Ырауан» сөзі, замандар бойғы Ұғым Трансформациясы нәтижесінде, мыңдаған жылдар бойы түрлі-түрлі реңктерге бөлене, ұдайы өзгеріп, таралып-жаралып отырған көне сөздердің бірі. Өзгерсін түрлерінің бір парасы мынандай: «фараон» (ежелгі Мысыр билеушілерінің титулы), «ребенок» (орыс. Бала, сәби), «арғын» (түркілік көне тайпа атауы; өзен), «райхан» я «раушан» (гүл) т.с.с.»[206 б.]деп түсіндіреді. Бір сөздің қат-қабат мағынасын өрбіте отырып, постмодернизмге тән хас белгі «хат тілінде» тіл қатады.
Енді біз адам жанын шоктық жағдайға ұшыратып, соны сөз қолданысы арқылы, өзінің метафоралық трансформациясы арқылы сан алуан психо-физиологиялық сезімге орантатын ақын-ғалым, философ қаламгер, қазақ постмодернизмінде өзіндік ойы, өз ұстанымы бар Тыныштықбек Әбдікәкімовтің Мерғали Ибраевқа арнаған «Дауа» өлеңіндегі кіріспе шумақтардағы мына бір ақындық неологизмдік сөз саптау:
Силикатты тірлігіңнің маршрутты жазуы
жұлыныңның жусан иісті клеткаларыңның тозуын
тездетпекші.
Рахаты: үнсіздікпен жан бағу.
Токқа үйтілген тәуліктердің сигналы
қандағы
қандай дертті қоздыратын ұқпасын тек еш кісі,
Ол – шыңғырыс, шарпысатын сайтан ауа, сесті су…[119 б.]
Автордың бұл арада бір ұтып отырған жері ескі қазақ ұғымын қазіргі қазақ қоғамында орын алып отырған жаңа ұғым түсініктер «селикат», «клетка», «ток», «сигнал» арқылы түркілік таным аясында ой толғауы ешкімді бей-жай қалдыра алмайды.
Қала тірлігін көшпелілерге тән жек көрініштілікпен: «Бетон бетті Қала кіндігінен зырқырап
шыр айналса,
қанкөбелек ақша ойнаған ырқына
темекіміздің күлін қағып отырайық бүгін де..»[119 б.] деп атайды да, оны ауыл тірлігімен өзіне тән философиялық аяда түйіндеу жасауға көшеді.
Сонымен ақын «Дауа» өлеңінің финалдық фазасында:
Сауға сұрап барар ма еді саясаттан сау елден.
Ауыл бізді бетімізбен жібермеген әуелден:
Түз қымызын сарқып ішіп, сөйлер кезде жымыңдап,
Түйсігімізден тұлпарларды искелейтін бұрындар…
Енді, армандау арман болды, тексізденген халыққа.
Көкшіл көзді экрандар дұшпандығын танытқан
Жағрапиямызда
Жазымышымыздың жаратылысын анықтау –
–Тәубә – Тілмен, у ағыза, тіліп өту парықтан!
Асықпайық,
Бұл жамағат жаси бермек қашанғы,
Айран-сүттен Ар-ұятқа дейінгі кіл жасанды
ғұрыптардың
бикфорд-сымын жіберсе ұрпақ тұтатып,
өкірер-ау, мүйізінде шам қызарған бұқа – Түн!..
Солай болып шығатынын сен көрерсің,
Мен көрем!..
Екеумізге, шындығында, керек емес өңге Өлең[120 б.] деген тамаша түйіндеу жасап, тірі ақын мен өлі ақын арасындағы сұхбаттасудың философиялық кілтін өзің ашып, өзің түсініп ал деген сыңайда бізге ұсынады. Иә, Тыныштықбек Әбдікәкімов туындылары оқырмандары тарапынан түрлінше интерпретацияланады. Ақын көне архаикалық метофораларды жаңашылдықпен бізге беймәлім қырынан «Түз қымыз», «бұқа – Түн» т.б. деп қолданады. Енді ақынның неоклассикалық көлемді туындыларындағы бағзы мифологиялық және Жүсіп Баласұғынмен үндестіктің түп тамырына көз жіберейік.
Осы жинақтағы алтыншы бөлім поэзиялық коллажға құрылған біріндегі ойды кейде жоққа шығарып, кейде ортақтастыратын дербес бөліктерден көне түркілік ұғым-түсініктерге қаламгер тарапынан поэзия тілінде еркін ғылыми болжам жасауға құрылғанымен бәріне ортақ бір кейіпкер бар: ол – Гигөлмештің қаққа жарылуы болып табылатын – оның мәңгілік таңбалануы Тыныш. Ақынның осы туындысында көне мифологиялық және архетиптік 117 ұғым-түсінік қолданыс тапса, соның 106 соңғы алтыншы бөлімінің еншісіне тиеді.
3 сурет
Ақын осы Тыныш сөзіне «Тыныш – түркілік ежелгі Өмір («шумер» я «ғұмар», «гомер»,..) Елі эпосының «құдайлар құпиясын білетін «Утнапишти» («Тыныш» сөзінің өзгерсін бір түрі) атты басты кейіпкеріне айналған» [208 б.] деген анықтама беріп, фрагметтік үзіктілікпен 5 бөлімінің соңында «Тыныштың өз еліне оралуы» [Б.137-139]деген атаумен мәтіндік аренаға шығарады.
Тыныштықбек ақындық масканың аржағында жасыранып, өзінің азан шақырып қойған атының тылсымын ашуда стильдік сан алуандықты кодтантып қолдануға бірден кірісіп, фрагменттік үзіктеу арқылы бесінші бөлім мен алтыншы бөлімнің аралық жігін жалғайды.
Біз бұл қолданыстан әлем әдебиетіндегі «адасқан ұлдың оралуы» көне діни мотивінің ұшқынын байқаймыз. Айырмашылық бір жанұяға оралған жан туралы сюжетті, бүткіл бір ұлт пен ұлысқа ортақ ілкі кейіпкердің оралуы мотивіне айналдырудың тың үлгісіне жолығамыз.
«…Ілім жайнамаздарынан шылым жарнамаларына дейін ерсілі-қарсылы ессіз жосып жүрген ел. Бәрі қанына қарайып алғандай. Жүректері ләйліп, мыйлары (автордың стилін сақтап беріп отырмыз – Ә.Ә.) мәжүнденіп те кеткен сияқты. Қарақошқыл түйсігіне электрлі түк бітіп қараңдаған Тыныштың да жан шошырлық сықпыты. Төрт құбыласын күндіз-түні тұз көзденген қан басып,..» деген ақын прозадан өзіне ыңғайлы поэзия тіліне ауысады.
Жүйкесіндегі зымырандар мен зындандардың таңбасы
Өн-бойынан ұшқын атып,
Ойлары сәл шатысып…» [Б.137-139],-деп бір Тыныштың образы негізінде қазақ қоғамының футуристік ақыр заманды төндірген келбетін сатира тілімен кескіндеп, тіпті біз пір тұтатын мифтік бейнеміз Тыныш (шумерше- Зиудсураны, бабылша – Атрахасисті, ассирияша – Утнапиштимді, исламдағы – Нұх пайғамбарды) жетістірмейді «Қарақошқыл түйсігіне электрлі түк бітіп қараңдаған жан шошырлық сықпытты» деп айшықтайды.
Одан кейін автор шизоанализ әдісімен өзінің ақын мен пендеге қаққа айналғандығын танытады. Яғни Жүсіп Баласағүнидің төрт кейіпкері (әділдіктің символдық бейнесі – Күнтуды патша, бақ-дәулет келбеті – патша уәзірі Айтолды, ақыл-парасат кейпі – уәзірдің баласы Ұғдүлміш, қанағат-ынсап образы – уәзірдің туысы, дәруіш Ордгүрміш) Тыныштықбекте бір кейіпкердің бойына тоғыстырылған.
Жүсіп Баласағүниның “Құтты білігінде” өмір мәні пайымдалып, жалпыадамзаттық рухани байлықтар – мұрат, дін, этика, өнер және даналықтың мәні сараланған. Осы сараланудың әдеби процесс үстінде араға ғасырлар салып сараптануының жаңа үлгісін Тыныштықбек Әбдікәкімовтің шығармашылығынан аңғарамыз. Екі ақын да түркі мәдениетіне сыртқы әсердің (араб – ислам және батыс – ғаламдастыру) дендеп орын алған кезінде өз туындыларын өмірге әкелді.
Сайтан тілі күрметілген сияқтанып дәт іші;
жасылданып, жетесіндегі жеті атасынан таныс кек;
табыт сыймас баспанасында тұз кеміріп, нан иіскеп;
белгісіз бір қорқыныштан ауысардай мүлдем Есі[138 б.];-деп қазіргі үрей жайлаған қазақ қоғамының келбетін айқын бейнелейді. Кейіпкерін өзімен өзін сұхбаттастыратын «ішік монолог» арқылы Сүлдесі айнамен тілдеседі.
Автордың философиялық түйіні: «Ел тұрмақ, әлемде Ес жоқ. Ес елесі ғана бар…». Әділ Өмір Салтанаты Хан Тәңірді танымауды жете меңгеріп, Үкіметтік Құлақтарға өрмекші өрмегін тоқып тастаған. Мемлекет маңдайындағы тамырланған көздердің иесінің бетін тілсең, қан орнына заң шығып, жыртық иін тағдырына мөңіреген Ұлттық Пір Азагүлді мойнына іліп, иманы бұрқыраған кебінге орануға кет әрі емес. ҰЯТСЫЗДЫҚ ИСІ бұрқыраған елінде: «Осылайша, өзімен-өзі айтысып отырады Тыныш . Жоқ, рас, жынды сияқты. Адамның ойына кіріп-шықпайтын дүниелерді айтып қалады кейде..» [139б.] деп аяқтайды автор өзінің ел шындығын айқара ашқан жырын.
Алтыншы бөлім:
«Бұ дүние – жасанды. Ресми.
Жүрек – жылқы, тулайды…
Иесі – мый.» [140 б.] деген жолдардан басталып, Қыдыр, Өлмес, Қамбар сынды түркілік ілкі кейіпкерлер мен Сайтан, Періште, Жан секілді діни ұғымдарына жаңа семантикалық ой түйетін поэтикалық қолданыс жасап, мәтін соңындағы түсініктемесін береді. Бұның өзі туындының постмодернизм үрдісімен жазылған кесек туынды екендігін танытады.
4 сурет
Автор Қазіреті Қызырды:
Естен бұрын, Қыдыр Қолын сезді Иық!
Әне, сонда, Аспан Төрін байқап қалған Көзқиық
Иесімін…
Тәңір-Халық қияли ғып өсіреді кей ұлын[140 б.],-деп поэзия тілінде кестелеп, «Қыдыр («Қызыр»; қыдыр яки ел арала, ел аралап әңгіме-дүкен құр; көпшіліктің құрметті, құтты қонағы бол,..) – басына Бақ қонған Ұлы Жолаушы, Ізгі Хабар иесі, абыз, әулие, көріпкел; елді аралап ырыс, құт, бақ дарытушы періште-қонақ; меймандостық құдайы; Ұнар иесі ретінде Тәңір елшісі; Күннің Бас періштесі яғни «Арғы аңқыл» (архангелі) Тұлға, ақ Сарбаз, Бақсы Текке жатады.» сынды ғылыми түсіндірме жасайды. Осылайша, поэзия мен ғылыми стиль бірін-бірі толықтыратын туынды оқырман мен ғылыми ортаға өзінің соны да, тың пікірін таңуға әрекеттенген философ қаламгердің ұстанған бағыты мен мақсатын айқын таныта түседі. Оның өзі ғылыми пікір деп санайтын мифологиялық ой түйіндеулері мен тұжырымдарын ғалымдар мен оқырман тарапынан қолдау табу, таппауын тарих еншісіне қалдырады. Кейін осы «Ырауан» жинағынан бастау алған ойлар «Қаз Сақ аңқымасы» зерттеу еңбегіне ұласты. Біздің мақсат аталған ғылыми еңбекті талдап шығу емес. Оған баратын алтын көпір болған жыр жинағының табиғатына әдебиет тарихын зерттеуші ретінде бойлау. Біз Өлмес турасында автордың ақын және философ ретіндегі қос-қабат пікірін жарыстыра ұсынбақпыз. Ақын Тыныштықбек:
«Оу, Өлмес-ау,
Сезім – тәтті, Ой – ашты?
Түйсігіңді нендей үндер боясты?…
Мынау Дүние керіс пе, доқ кіріс пе?
Жауабы оның – Жаннан нәзік, жіңіше.
Жауға деп, сен сүт құйғанда алтынға,
Саған деп, жау у құяды күміске!» десе, философ Тыныштықбек: «Өлмес (мәңгі: бессмертный, вечный; вечно молодой, вечно живущий…) – көбінесе, Кеще (Мәңгі: вечный; дурак яғни Кеще: «бессмертный Кощей» или вечный дурак) кейіпте болып келетін ұрдажық, ақкөз, аңғал пенделердің де ежелгі бір атауы.
Өлмес – түркілік ежелгі Өмір («шумер» я «ғұмар», «гомер» т.с.с.) Елі эпосының «өлмеудің, өлмес болудың, мәңгі өмір сүрудің сырын іздеуші «Гильгамеш я «Бильгамеш» («Өлмес» сөзінің өзгерген түрлері) атты басты кейіпкеріне айналған» [209 б.]деген ой өрімдейді.
Ғылымға айналған поэзия мен поэзияға айналған ғылым гуманитарлық ғылымдардың аясында идея туындатып, ой өрбітетін алтыншы бөлімнің финалы «Түйін» деп аталып, үш фрагментік үзіктен тұрады. Автор бірінші үзікте қазіргі қазақ қоғамының сайқал сөйлеп, саудаласып, соғысып, қожа болуға тырысып жүрген тірлігіне өз бағасын берсе, келесі үзікте не Құдайға, не Сайтанға сенбейтін тоймас тән мен тоймас көз жайында толғай келіп, адамзат басындағы балшық мыйды НҰР еткен Әлемге мадақ айтады. Соңғы финалдық үзікте күн сайын «Менікі – Хақ! Менікі!..» елді мезі қылған дін-шайхтарды сын садағына алып, «сорлы дінге» қабырғасы қайысады.
Ең соңында:
«Тектен-текке шаттанбаймын бұлай мен,
О Сорлы Тірлік, сыңайсың ба, сынай бер!
БҮКІЛ ӘЛЕМ ОЙҒА АЙНАЛЫП ҰДАЙЫ,
ЕСІМ ІШІ – ТІЛДЕСЕДІ ҚҰДАЙМЕН!
Оң мен Солдан,
Биіктік пен Тереңнен
Жартылған ОЙ жайнайды Өремнен!..
ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҮРЕГІММЕН МЫҚШИЯ,
БАС ОРНЫНА, КҮН КӨТЕРІП КЕЛЕМ МЕН!» деп тек бір бөлімнің ғана емес, бүкіл туындының шырайын ашатын интермәтіндемелік идеясын жайып салып, шығармашылық нүкте қояды.
«Дәуірлік масштабтағы тұлғалар өздерін поэзияда, музыкада, дінде не болмаса, саясатта танытуына қарамай, ешқашан кенеттен аяқ астынан пайда бола салмайды. Оның өмірге келуі үшін қашанда берік тағантас қажет, ол неғұрлым әлеуетті болса, соғұрлым тұлғаның алар асуы зор болады. Бұл тағантасты пайғамбарлар мен көшбасшылар, яғни өздерінің іс-әрекеттері мен қадамдары арқылы бұқараны келе жатқан тұлғаны қабылдау үшін даярлайды. Көшбасшы мен ізбасардың бірін-бірі білуі шарт емес» деген ойды Michael A.De Budyon «Иса мен Хитлер» туындысында сөз етеді. Біз осыны «Өлмес пен Тыныш» деп сәл өзгерте отыра, осы бір інілік ілтпатпен, бауырлық тағзымен жазылған ой-толғауымызды тамам еттік.
АЙҒЫЗДЫҢ АЩЫ АҚИҚАТЫ
«Ей, ақыл-ой иелері, айтылған ұлағаттың түпкірінде, ерек өлең бойында жасырын мән бар, соны ұға біліңдер, жарандар!» деген Данте сөзін басшылыққа ала отырып, Рене Генонның кез келген туындыны тұщыну үшін оның төрт мәнін айыра білу керек дегенін темір қазық етіп ұстанып, Дүр Дулат пен Ару Баян елінен шыққан санаулы сан қырлы өнер иесі Таласбек ағаның прозалық туындыларын философиялық (философиялық-дінтанушылық), саяси және әлеуметтік және санаулы ғана алаш оқығандарына ғана түсінікті эзотеризмдік қырын аңдағанда қаламгердің туындылары оқырманына өз құпиясын ашады. Еуропада атақты Дантеге Россети мен Ару «Данте католик немесе альбигон?» деп сауал қойғаны әлем әдебиеті тарихынан белгілі. Таласбек Әсемқұловқа да «Таласбек исламшыл ма, әлде Тәңіршіл ме?» сауалды жиі қоятындар табылып жүр. Мәселені басқа қырынан қоятын болсақ, Таласбек мұсылман ба, әлде тәңіршіл ме болып шыға келеді.
1 сурет
Бізге келетін болсақ, даңқты айғыздықтың туған топырағында табан ізі қалған ғылымдағы жоқтаушы інісі ретінде екі туындыгер тұлғаның арасына ғасырлық параллелизмнің түренін сала отырып, қазақ жазушысының шығармашылық әлеміне үңілу. Дантенің кемшін тұсы ол өз ұлты басқадан қабылдаған көне марапалардың жетегінде кетушілігі, Таласбектің артық тұсы Әлемге бірінші дінді сыйлаған алаш перзенті болып тууында. Екі қаламгердің басын бір жерге тоқайластыратыны «көне ілімдердегі» синкретизмді өз туындыларында орынды қолдана білулері.
Міне, Талас ағамыз сияқты исламның канонына сыймайтын ой айту бір жақтылықпен күпірлікке саналып, қазіргі қазақ әдебиетінде «Дантенің еретиктігіне» айналып отырған жайы бар. Сонда бабаларымыздың бір кезде Тәңіршіл болғанын оның бүгінгі ұрпақтарының санасына қозғау салып, «ұлттық жадымен» қайыра жаңғыртқан Құдай асып тудырған өнер (сөз) иелерінің не кінәсі бар деген орынды ой қылаң береді…
Иә, қай діни ілімге жатпасын символикалық айшықтау айналып келгенде Құдай сөзінің түп қазығы бір екендігін бәрі-бір танытып тұрады. Қаламгердің Құдай сөзін басқаларға жеткізіп, өзі әрі христиан, әрі ислам үшін керексіз болып қалған Тәңірлік танымның жалғыз қорушысындай көрініп кететіндігін қалай жоққа шығара алмаймыз…
Қазақ тарихы ұлт тарихынан емес, тайпалар тарихынан тұрады. Соның ішінде Зәрдеш діннің қорушысы болған қазіргі бірде шағатай, бірде көне өзбек деп шатасып жүрген тілдің игері – Қоңырат тілі әлемге «Алпамыстай» классикалық туынды сыйлап, Троядан (Тұраннан) айырылғаннан кейін бағы тайып, бұрынғы дәуренінен айырылып қалды. Екіншісі, Исасыз христиандықты ұстанып, «Моңғолдың құпия шежіресін» жазылған Найман тілі. Сонымен қазақ ұғымында түркінің үш жарыспалы атауы бар: қыпшақ, қоңырат және найман. Ал, қытайдың, парсының жазба деректері біз үшін қол қойып, жүректі ашып табынатын рухани Қағба емес. Олардың тіпті аударып, бабаларымыз жабайы болыпты деп бірімізден-біріміз асырып, ғылыми бәсекеге де түсіп керегі жоқ. Сонымен, ғұндар деу қытай және еуроапалықтар үшін жарсымды да, орында болса, осылай атау біздің бабаларымыз үшін күпірлік, өйткені, ешбір қазақ тайпасы ортақ тотемінің «Күннің» атын ашық айтып қолданбаған.
2 сурет
Енді сәл-кем шегініс жазап неге қытай мен парсы жазбаларынан бас тарту керектігін бір тоқталып өтелік. Олжас Сүлейменовтің КСРО-ның әсіре орысшылдарын дүр сілкіндірген «Аз и Я»-дан кейін тағы бір орыстың ежелгі мәдени жәдігері саналатын «Игорь жасағы туралы жырға» киевтік жорналшы Анатолий Железный жаңаша, дәстүрлі емес көзқарасын алға тартып, тек әдебиеттанушылар, тілшілер, тарихшыларды ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылықты ойға батырып, соны негізде ойлауға түрткі болатын «Игорь жасағы туралы жаңаша сөз дәстүрлі емес көзқарас//Новое слова о полку Игореве нетрадиционный взгляд» атты туындысын өмірге әкелді.
Автор орыс тілінің қалыптасуына түркі тілінің ықпал еткенін, оның іздерінің заманалық орыс тілінде жуса кетпестей сақталуын, және славян сөздерінің иран-үнділік негізін жоққа шығара отырып, бұрын сөз етілмеген арабизмдерді, украинизмдерді алғашқылардың бірі болып сөз етеді. Өзін Олжас Сүлейменовтің шәкірті санайтындығын жасырмайды. Біз осы 300 беттік зерттеудің кіріспесіндегі: «Мәселенің қысқаша тарихы», «Авторға Сөзді жазуға не түрткі болды» және Орыс тілінің шығу тарихы атты бірінші бөліміндегі «Орыс тіліндегі түркизмдер», «Орыс грамматикасындағы түркі атавизмі», «Орыс лексиконындағы түркілік ілкі негіз» және «Славян тілінің Руське енгізілуі» тараушалар мен кітап соңындағы «Олжас Сүлейменовтің хатын» оқыған шақта бабаларымыздың ұлылығын өзге ұлттың ұлықтағанына әрі қызыға, әрі қызғана қарағанымыз жасырын емес.
Онда біздің неге қытайшылық пен парсышылықтан бойды аулақ салуға тиістігімізді А. Железныйдың сөзімен кескіндейік: «Тамырын тереңге жайған славяндық басымдықтың идеясымен тәлім-тәрбие алған біздің ғалымдар ежелгі орыс халқының қалыптасуының барша тарихи және мәдени үдерістерінде Ежелгі Русьтің пайда болып, кеңге қанат жаюы «Повести временных лет»-тің қай кезде жапсырмаланғаны (тап осы жерде автор көлгірсіп, осы жылнаманың қыпшақ тілінен аударылғанын қасақана мойындағысы келмейді – Ә.Ә.Ә.) белгісіз бөлігінде төгілте жазылған: «Древляндар мал сияқты тіршілік кешіп, бірін-бірі өлтіре салатын, адал-арам демей тамақтан өткеннің бәрін ит былапыс жей беретін, некеге тұрмай төмен етек еңкейсе болды, айғырдай шабатын. Радимичтер мен вятичи және севоролардың салт дәстүрлері бір еді. Орманда жабайы аңдай өріп жүретін, қолына түскендерін қылғып салып талғажау ететін және ата-аналары мен жеңгелерінің көзінше ауыздарына не келсе соны айтатын…» бос жатқан жерлерден емес, жартылай жабайы тайпалардан еместігін еш пайымдай алмады». Міне, бізге бүгінгі қазақ оқырмандарына орыс ғалымы нені ұқтырып тұр, славяндарды жабайы қылып жазған елдің бүгінгі ұрпақтарының ұялмай қызармай өз бабаларын жабайы деп жазып жүргендерін ұқтырып жүр. Түркі жабайы болмаған, оны жабайы қылған әлемдік руханиятта тізесі батқан қытай мен парсының және еуропаның түрлі дәуірлердегі жалғаншыл арамниет ғылымсымақтары.
Орыстардың бабасының жабайы болғанын кім жазып отыр. Әрине, біздің бабамыз, қазір бізге аты да, заты да белгісіз түрік жазушысы… Өзгенің құсығына малтығып, қаңсығына малданған қайран қазағым-ай…
Енді ақырын аяңдап, ағамыздың тәңрішілдік рухтанған, құрани нұрланған, алаши арайланған романына қарай бұрылайық.
Ұлты үшін эзотерикалық және экзотерикалық құпияларды ашып, Ата мен немере арасындағы ұрпақтар жалғастығының қарым-қатынасы арқылы бір ауылдың елу жылдық тарихын молынан қарпыған Таласбек Әсемқұловтың “Талтүс” романы – белгілі мәдениеттанушы ғалым, әрі философ Сәбетқазы Ақатайдың: “Әр ауылдың өз Абайы бар еді, әттең не керек оны кезінде жазатын өз Мұхтары болмады” деген ғылыми арманын жүзеге асырған туынды.
3 сурет
Әдебиеттану ғылымында Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп, Сұлтанмахмұт сияқты алаш ғұламаларының келешегі бұлыңғыр кеңес үкіметін мойындамағаны ғылыми ортада енді-енді ауызға алына бастады. Ал, қарапайым қазақтың қара шалдарының осы сайтанның іліміне құрылған үкіметті мойындамауы ең алғаш Ә.Нұрпейісовтің “Қан мен терінде” Сүйеу қарттың “жолдас” сөзіне тиісе сөйлеуінен бастау алады. Осы әдеби үрдіс романда: “…Кемпір-ай, анау орындықты әперші. Өкіметтің адамы ғой. Киізге отырса, шалбары былғанып қалар”[47б.]. Ары қарай автор Сабыт қарттың: “Баяғының ауыл кеңесі малыңды айдап, қатын-балаңды байлап, өзіңді атып кететін. Бүгінгінің ауыл кеңесі Үркітке айдатып қана қояды…” [48б.] деген сөздермен дәуір шындығының бет пердесін ашады.
Жетісудың кейіннен Семейге қараған өңірін мекен ететін Семіз Найманның Бөдес руынан шыққан Кенесарының өз аяғын өзі кесуі қазақтың өр халық екендігін танытады. Осы кейіпкердің айдаудан оралған құдасы Сабытқа теке союы кеңес тұсындағы қазақ тұрмысының жұпынылығынан хабардар етеді. Екі құда арасындағы кездесуде домбыраның бүкіл ауылдан табылмауы бір жағы оны жасайтын шеберлердің қалмауынан, екінші жағынан қызыл көз коммунистердің ескінің көзі деп жойып жіберуінен танылады. Осылайша, бүкіл ауылдан домбыраның табылмау эпизоды автор тарапынан Сталиндік қанды қырғынның алаш рухын жасытпағанын таныту үшін алынған көркемдік фон. Сабыт күйді ауызбен тартатын өнерді меңгеруін: “…Жиырма бес жыл абақтыда жүргенде жынданып кетпегенім осы күй шерткенімнен шығар. Барақта жатқанда ойша шертесің. Қарағай шабуға барғанда ыңқылдап айтасың… қазақтар жаныма үйірілетін болды. Олардың көңілін осы күймен демедім…”[56б.],-деп, қатпары терең тарихты өмірдің ащы сабағымен аластыра отыра, алға тартады.
Кейін Айғыз ауылы Аягөзден бөлініп, құрамына кірген Шұбартау ауданының қасіретті тарихы жазушы қаламынан былайша төгіледі: “…Жарайды өкіметтің бір білгені бар шығар. Тек түбі Шұбартау өз адамдарын алып келіп, жұртты ығыр қылып жібермесе болды”[59б.].
Біздің әдебиетте соғыстың исі мұрнына бармаған Ғабит Мүсірепов сияқты классиктеріміздің “Қазақ солдатының” екінші бөлімін жазамын деп танауы тасқа соғылғанын кеңестік орыс сыншылары кезінде орынды сынаған еді. “Окоп шындығы” Бауыржан Момышұлы мен Тахауи Ахтановтардың туындыларында асқан астарлылықпен берілсе, “Талтүс” романында осы бір әдеби ақтаңдақ кейіпкер аузымен: “–Шылғи өтірік, – деді Баймұхан сәл ойланып барып, – Кешегі біз көрген емес, мүлдем басқа соғыс. Біз аузын айға білеген неміспен соғыстық…Әскерлер мәшинеге тиеліп, дүрлігіп қашқанда, әлгі кәмәндір, бір қазақ жігіті екеуімізді кеудеден бір-бір теуіп мәшинеден түсіріп кетті… Кейде күлкім келеді. Ерлік дейді. Топырақ пен адамның қанын араластырып таптап жүргеннің несі ерлік… Осалы жоқ, фин де, неміс те, жапон да, бәрі де мықты болатын”[78-86б.] соғыстың бұған дейін әдебиетімізде жөнді айтылмай келген ақиқатын бір отырыстың үстінде кейіпкер аузымен беру арқылы жазушы майдан шындығын оқырманына толыққанды жеткізеді.
4 сурет
Аягөз өңірінде болып өткен кәмпкеске: “Малды өзімізбен бірге бағысты, бұл бай емес, осы өзіміз сияқты кедей, тіпті малын алсаңызда да өзін босатыңыз депті. Оған үкімет көнуші ме еді. Сөйтіп, қайран Жалбағай айдалып кете барды ғой…”[113б.] деген жолдардан көзіңе жас алдыра отырып танылады. Кәмпескенің ізін ала жеткен ашаршылық зобалаңы ең алғаш қазақ прозасында Рамазан Тоқтаровтың “Ертіс мұхитқа құяды” диалогиясында бой көрсетсе, егемендік жылдары шындықты ашып жазуға мүмкіндік алған автор өз қаламының сиқырымен осы азалы жылдардың шерлі шежіресін: “ Дүние-ай десеңші. Жалбағай айдауда өлді. Бар жазығы өмір бойы тынымсыз еңбек еткеніде. Қатын-бала мұнда өлді. Сөйтіп бір ошақтың оты өшті. Із-түзсіз кетті, әне. Е, не болмады дейсің бұл дүниеде. Солай!”[115б.], – деп, Таласбек Сабыт қарттың әр сөзіне көптің көз жасын сыйдырып, зарланта береді.
Романда екі отаршы орыстың өлімі шығармаға әр беретін, кейіпкер характерін ашуға көмектесетін көркемдік деталь екендігін айта кетейік. Ақтың қашуы – қазақ әдебиетінде Жүсіпбектің “Ақбілегінен” бастау алатын жүректі қан жылататын кесек тақырып. Осы тақырып шығарма персонаждарының іс-әрекетін, ішкі әлемінің рухын ашу үшін шағын штрих түрінде берілгенімен аз сөзге көп мағына сыйдырғандырылған:“Орыстың қабағы қату… Адам деп санамағаны ғой… Мақсат – орысты өлтіру. Ажалға көнді орысым. Арам өлмесін, адалдап жіберейін деп… Басын құбылаға қаратып, “Бісіміллә! Я, Алла, қабыл ал! ” деп қылышпен тартып жібердім”[116-117б.] деген туынды жолдарынан ұлтымызға тән қазақи психологияны айқара тани түсеміз.
Лагерь өмірі ең алғаш қазақ прозасында Бердібек Соқпақбаевтың “Өлгендер қайтып келмейді” романында қызыл цензураның қысқартуымен берілгені белгілі. Енді осы эпизодтық тақырып Сабыт қарттың өмірінің үзігі ретінде Таласбекте қаламгерлік шеберлікпен қалай игерілгендігін байқастайық: “Қанға жерік адам болады… Ал оңашада басқаға істегенін маған істей алмайды… Осылай аңдысып бір жыл жүрдік… Десятник кіріп келді… Пақырдың мойнын бұрап желкесін үзе салдым… Қалай болды, кім өлтірді деп бір-екі күн тергеді де қойды… Өз қолымен анықтап өлтіргенім осы екі кісі… қанша оқ аттық, атқанымыздың қаншасы кімге дарыды, оны айтып бере алмаймын.”[119-121б.]. Екі өлімді де автор шығарма тініне жайдан-жай енгізіп отырған жоқ. Ол – қазақтың азаттыққа ұмтылуының заманалық қазақ прозасындағы символдық айшықтануларын білдіретін сәтті әдеби ізденістердің бірі. Осылайша, кеңес үкіметімен арыстандай алысқан Сабыт қарт ақ және қызыл отаршыларға қарсы ұлт-азаттық күресінің белгісіз сарбаздарының бірінен Таласбектің өлмес туындысы арқылы мәңгіге алаш жадында қалып отыр.
Автор тек Сабыт қарт пен оның айналасындағылардың бастан қилынша күй кешулерін тігісін жатқызып әңгімелеп қана қоймайды, ұлтымызға тән түрлі архетиптік таным-түсініктерді новеллалық кірістірме, яғни оқиғаның ішіндегі оқиға ретінде сәтімен туынды композициясына өзек етеді. Оның мысалы – Жұмға молданың Темір Қия қарақшы турасындағы діни-уағыздық әпсанасы. Оны автор кешегі кеңес қызметінде болғандардың бүгінде тәубаға келіп, қаһ ислам мен алаштың қызылдар мойындамаған құндылықтарын, ру шежірелерін өз қаражаттарымен бастырып, қазаққа танытып жатқандарын меңзеу үшін әдейлеп оқырманның тарапынан аңғарылатын “жетпеген жерді жеткізу” стилистикалық әдеби тәсілі арқылы адресаттық арнау түрінде беріп отыр. Темір Қия қарақшы жиынтық бейне онда бүгіндері кезінде ұлтына істеген діни-рухани қысастықтары үшін тәубеге келген кеңестік ұлықтардың бейнесі символдана жиынтықталған.
Әжігерей өз атасының қазақи келбетін Жұмға молданың мына бір сөзімен айшықтайды: “Баяғының қазағы сияқтысың…Жаз шықпай кигіз үй тігіп отырасың…”[123б.]. Ал, қазақ қызының өнерді сыйлауы, оны танытатын өнерпазды пір тұта бағалауы мына бір сөйлем жолдарынан танылады: “…Содан соң “Он саусағын кесіп алып, өзгесін итке тастайтын-ақ адам екен. Бірақ жігіттің жүйрігі екен. Әкемнің сөзі – сөз. Бердім құлпымды” дейді… Бірақ Бекей өзгермепті. Жақсылап қарсы алды. Келіндерін қас-қабақпен ғана жүргізеді екен… Кимешегі аппақ қардай. Қолының бәрі – сала күміс. Бойы тіп-тік. Бетінде бір әжім жоқ…”[132-133б.]. Осылайша, данышпан Мұхтар сомдай алмай армана кеткен Жүзтайлақ бәйбішенің келбетін Таласбек Бекей бәйбішенің романдағы кесек бейнеленуі негізінде авторлық шеберлікпен эпизодтық штрихтандырылу арқылы тамаша таныта білген.
Ғасыр шежіресіндей болған Сабыт қарт кезінде ұлтымыз 400 жылдық монғол-алаш соғысы кесірінен амалсыз көндіккен көшпеліліктен қайыра отырықшылыққа көшу процесінің бір ұрпақтың көз алдында қалай өткендігін: “…Жаз бойы шөп шауып, жұт жылының өзінде аман алып қалуды мына орыстардан, Кереку, Семей жақтағы …қаржас пен бәсентиіндерден көргенбіз. Әрине, үйрендік, кірпіш құйып үй салуды, көзіміз көргенді үйрендік. Ертеде мән-жай осындай еді.”[143б.].
Тәңір текті түріктердің ұсталық асыл өнері қонған Әмзе, Кітапбай, Мүкамалдардың мұқым қазақ еліндегі жалғыз тұяғы – Ахметжанның қайғылы да, ұлағатты тағдыры кезінде не жоғалтқанымызды, Дәркембай Шоқпарұлының алашты алты айналып, жоғалған қолөнерімізді қалай тірілткенін танытатын азалы да, қадірлі ұлттық материалдық игілігіміздің соңғы могиканының темір таңдауынан танылады: “Ертеңінде Ахметжан шұғыл іске кірісті…бірақ ұста бірде-бір темірді жаратпаған… –Міне, Саба, нағыз темір деген осындай болады…Тырнақпен сызсаң із қалады…Темірді шірітеді, әлденеше рет өлтіреді, содан соң қара бұйра татты әлденеше рет қорытады. Ақырында Құдай жаратқан кезіндегі балауса күйіне келтіреді… бүгінгі темір жасы жетіп қартайған темір”[157-160б.],-деп, мұражай тапсырған қылыш соғуға орыстың қолынан шыққан барша темірі жарамай, бабалар темірі қалай іске асқандығын жазушы өзінің әз қаламынан осылайша төгілтеді.
Біздің мақсат – 270 беттік романды егжей-тегжей әдеби теориялық жақтан талдап шығу емес, оның кемшілігі мен кем кетігін тізбектеу емес, өнерге арналып жазылғандығын дабыралау емес, туынды бойындағы адам тағдырын, қазақ тарихын мөлдіретіп автордың ойға алып жобалаған күйінде Таласбектің жаны сүйген алашына таныту. Таласбектің қаламгерлік ерлігі сонда: орыс әдебиеттанушысы Лотманның сөзімен айтқанда, том-том кітаптарға арқау болатын ұлттық тарихты қаламгерлік қарымдылықпен, жазушылық шалқар шабытпен аз ғана жолға сыйдырып, бір ғана ауылдың кеңестік дәуірдегі өмір тынысы арқылы жерлес ағамыз Шыңғыстауын әлемге танытқан Мұхтардай, Баян елінің жауһары, Жетісудың әсем моншағы Айғызын алашқа таныта білгендігін інілік ізеттілікпен шағын зерттеу мақаламызға арқау еттік.
Published: Jul 2, 2018
Latest Revision: Jul 2, 2018
Ourboox Unique Identifier: OB-507719
Copyright © 2018